Әдебиет • 19 Қаңтар, 2018

Жанболат Баймұрынов. Құбылыс (Әңгіме)

535 рет
көрсетілді
48 мин
оқу үшін
Жанболат Баймұрынов. Құбылыс (Әңгіме)

1

Қатар-қатар шеп түзеумен алып жер бетін өзінше жеке алаңқайларға айналдырып, бірінің етегін бірі басып, бірінің бойынан бірі асқан едәуір көлемді көп қырат, дөңдер арасынан бір-біріне иық түйістіре көлбей созылған ақ басты ала таулар өзінің бірнеше шақырымдарға созылған көлемімен де, төменнен қарағанда пышақ қырындай боп көрінетін шырқау төбесінің қою бұлтқа араласқан зор тұлғалы алыптығымен де алыстан-ақ, мұнар қаптап тұрса да, көзге ерекше сұсты шалынады. Айналасындағы сансыз дөңдерді адуын әйелдің жел толқытқан етегі дерсің. Әрқайсысының бойына біткен қожыр-қожыр тік шатқалды тастары – етекке жармасқан кәріқыз да, қалың қарағайы, түсінің жасылдығы болмаса, бидайық сынды. Арагідік жел әсерінен толқыған етектің әр-әр жерінен ақ балтыр қайыңдар шоғы жарқ етіп рең беріп өтеді. Екі күннен бері бұл атыраптың үстін тұтасымен қымтаған суық тұман бүгін ғана ыдырап, кәрі таудың сай-сайындағы қалың жыныстан түйдек-түйдегімен бұрқырай шұбатылып, төскейіндегі бұлт оранған қыраулы сақалына сіңіп кетіп жатыр. Сырт келбетінің өзімен айбынды басқан осынау таудың мол жықпылы биіктей келе үлкен-үлкен арналы салаларға бірігіп, одан әрі қиялай келе жотаға жалғасып кеткендіктен, орманды мекендеген дала тағылары ол жаққа аяқ баспайды да. Мәңгі мұздақ қарлы басын тұтастай жұтқан тұман ол араның қазіргі кейпін тіпті меңіреу етіп көрсетіп тұр. Жаз айында бой қалтыратқан екі күнгі ызғырық та жоғарғы жақтан бастау алып, сол мекеннен тарағандай. Тау басында ше, ондағы ызғар табы баурайымен салыстырғанда, кімді де болмасын кәдімгідей ықтырып, тіпті міз бақпас әр шатқалын бүрсеңдеткендей. Аяз бар. Солтүстік аумақтардағы тіршілігі жоққа тән ірі мұздықтары сияқтанған тау жотасына тырмыса жантайған осындай бір тік қиялы үйдей-үйдей көк шағыл тастардың арасынан, бар атырапты жұмсақ әлдилеген меңіреулікке қарамастан, әлдебір жалынышты бебеулеген үн талып естіледі. Анықтап қараса, қайырлаған кемедей шоңқайған тастардың арасындағы жалғыз аяқ соқпақта ұзындығы бір жарым қарыстай болып түскен адам іздері бар. Тек осындай іздермен ғана қары нығыз тапталған соқпақ тас-тастың арасымен ирелеңдей отырып, оң қапталдағы құзды айнала бере, кірер аузы тар басталған жұмбақ үңгірге апарады.

Үңгірдегі екеу тынышы кетіп тыпырлаған кішкене ғана тіршілік иесін бауырларына кезек басып, үрпиісе-үрпиісе бетіне үңіліп отыр. Басынан бастап бақайшағына дейін қызғылт түк басқан бөбек екі қолын ербеңдетіп, белін қайқита ышқынғанда, қабысқан жұқа қарны күмпиіп шыға келеді де, бүлк-бүлк қағып барып қайта қабыса қалады. Адам тұлғалы еңгезердей екеу лажсыздан шүйкедей ғана беймаза шіркінді қолдан-қолға ауыстырысып әлек. Қылар бар қайрандары осы ғана. Қала берді, қызыл таңдайы көріне, таңқы танауы қусырыла, бет терісі жиырыла шырқыраған ұрпақтарының үстіне еңкеңдесіп жатқаны. Екеуара мекіреніскен дыбыстар шығарысып, салалы саусақтарымен бөбектің өлеусіреген жанарларын сипаған болады. Одан да көмек жоқ. Дүниеге келгелі әлі үш тәулік толмаған балақан кешелі бері тұншыға жылаумен ата-анасына түсініксіз оғаш мінез тапқан. Себебін түсіне алмаған ересектерінің түрлі қылықтары, тынымсыз жұбатқандары еш нәтиже берер емес. Көңілдеріне қобалжу ұялаған олар енді бар болғаны мекіренісіп, бауырларына қыса береді. Онсыз да күйіп-жанып жатқан құйтақандай қызулы дене әбден суға малшыныпты. Өзге екеуінің де жирен түсті бауыр жүндері терге шыланған, ауаға ақшылтым бу көтеріледі де, бұл уақта сейіле бастаған тұманға араласып жоғалады.

Осы таудың басындағы еш адам баласына мәлімсіз қуыстағы үңгірді мекендеген адам іспеттес, дөңгелек қара көздері үп-үлкен, екі аяқты тіршілік иелерінің бар екендігін, олар қанша дәуірлерден бері ғұмыр кешіп келе жатса да, бұл маңайдың тірі жаны білмейді. Тіпті, ондай зор тұлғалы, қалың түкті екі аяқтылардың болуы мүмкін деп жорамалдамайды да. Бәлкім, адам тектес осы бір жандардың тау басынан адамзат аяғы жетер етекке түспеуінен бе, бәлкім, адам баласының сонау қарлы басқа аралары бірнеше жылдан өте сирек табан тіреп, оның өзінде келген ізімен кері қайтып отыруынан ба белгісіз, әйтеуір олар жайлы көне аңыздардың өзінде еш дерек жоқ. Сырт бейнелері бір-біріне өте ұқсас болғанымен, өмір сүру заңдылықтары мүлде қиыспайтын екі басқа екі аяқты тіршілік иелері атам заманнан дәуірге дәуір жалғап келе жатса да, өзара зиян әрекеттер жасаспапты. Әйтсе де бірер мәрте болмасын бұлар бірін-бірі сыртынан байқап қалмады деуге келе ме? Олар көрсе де, көрмеген бола салар, адамдікі ше? Осы заманға шейін ортақ аспанның астында қатар күн кешкен сықпыттары бірдей, қылықтары бөлек екі замандастың бір-бірінен титтей де секем алмастан не болмаса өзара селбеспестен, бейхабар жүрген тірліктері шынында да жұмбақ.

Күн ұясына батар мезгілде амалдары таусылған екеу бөбектерін құшақтай сыртқа шығып, екі жарым тәулік бойына жер бетіне үзіп-үзіп бұршақ аралас төпеумен болған жауынның қиыршық қарға айналып, тау басына бұрынғының үстіне тізелікке жетеқабыл түскен құрғақ көрпесінің аяқтарын ілби басқанның өзінен қаудыр қағып екі жарылған сусымалысында төмен беттеп келе жатты. Ендігіде салбырап қалған жіңішке білегі ебедейсіз салаңдап келе жатқан балақанның жұмсақ еріндері кешегі күндері ғана талмай сорған аналығының көтеріңкі кеудесіне біткен қалың түк ұйыса жапырылып қалыпты. Аталығы болса, тек соның соңынан емпеңдей береді. Бұлар осындай баяу жүріспен-ақ біраз жерді ұтып тастаған болатын, бір кезде алдыңғысы қолдарын көтеріп, бөбегіне тесіле қарап қалт тұра қалды да, жалма-жан өзінің білегіндей ғана оның кеудесіне құлағын тосты. Ізінше қимылсыз қалған бөбекті қатарындағы тастың үстіне күдерін үзгендей қоя қойды, өзі серігіне қараған, ол тастағы бөбегіне бір, бұған бір жалтақтап, назарын аспанға, одан көкжиекке аударды. Бағанағы тұман көтеріле келе, аспан асты түске жетпестен біржола ашылған. Сонау аспан мен жердің түйіскен тұсынан күннің соңғы шұғыласымен бұлар тұрған маңнан бастап жоғарыға қарай сарғыш түске еніпті. Әншейінде қызарып барып күлгінденетін батыс аспан да сап-сары. Баурайда болса, әлдеқашан күңгірт тартып, бұл жерден қарақошқылданып көрінетін орманның түсімен қоюлана түскен. Айнала тым-тырыс. Әудем уақыттан соң ғана жанарлары қайта түйіскен әлгілер көздеріндегі ауыр мұңның табын үнсіз түсіністі. Түсіністі де ащы ызамен тымырсық кештегі мүлгіген тау мен тас, орман-тоғайды дүр сілкіндіре айқай салысты. Жуан кеңірдектен екпіндей шыққан зор үн бөгелместен көкке жетіп, одан қайтадан төменге, бүкіл аспан астына еркін тарап жатты:

– Һайийа-һаһ! Һайийа-һайийа-һаһ!

– Һаһ-һайийа-һаһ-һаһ!

2

Түн жарымынан ауа келінінің толғатып жатқанын естіген Сарымсақ бай қайтып көз іліндіре алмады. Сырттан естілген әр тысырға құлағын түріп, сүйінші сұрай келетін адамды қанша күткенмен, ондай қуанышты хабар бола қоймады да, кең ағаш төсекте жападан жалғыз ары-бері аунақшумен таңды да жақындатты. Бәйбішесі бағана, хабар жетісімен тұрып, басы-қасында болуға Кенжебегінікіне суыт кеткен болатын. Соның алдында ғана өзі жағып кеткен шамның білтесі де жана-жана қысқарған болуы керек, үй ішіне әлсіз жарық тарата сығырайып тұр. Әрі кетсе сүт пісірімдей уақыттан соң таң рауандарын білген Сарымсақ, сүйінші сұрай үлкен келіндері келе қалса, қамсыз жатқандай болмайын деп шапшаң тұрған да, шамның білтесіне тұрған күйені саусақтарымен лып-лып қағып тастап тысқа шыққан.

Тұман түсіпті. Оның үстіне дымқыл ауада бет шымшырлық аяз бар сыңайлы. Жай уақытта айсыз түндері де көрініп тұратын қоңсы тігілген боз үйлер тегіс жұтылған. Әйтеуір межелі жерің осы ғой деп, сондай үйлердің біріне қарай бұрылған бай көңілі әлемтапырақ. Егер ұл тапса, жорғалы боздың үйіріндегі қара құлақ боз тайды байлармын. Айтқаным – айтқан. Мейлі сауыншы келіншектердің бірі келсін, мейлі қарасирақтар бірінші жетсін, бәрібір. Бірақ әлі ұйқыдан бас көтермеген ауылда солардан өзге сүйінші сұрар жан жоқ деймісің? Алса алсыншы, тәйірі, кім болса да, қыз тапса да. Былтыр, осы Рәзияжанды түсірерде, құдамның көзі түсіп, майпаң-майпаң қаққан жабағыны өлердегі сөзін айтып сұрағанда, бермеп едім. «Қалыңыңның қақ жарымын қайырып ал да, осы қарақұлақ төлді қи, қарымым кетті деп мен айтпайын», – дегенде, әрнені сылтау етіп, өзімше ол қорашсынбаса, ел қорашсынады қылып, су аяғын құрдымға жіберген едім. Енді ол да білсін, келінімнің бір қуанышының өзіне-ақ ондай қылқұйрықты жетектете салатынымды, көзі анық жетсін, мені қызығына құлын қимады демесін.

Сарымсақ кенжесінің еңселі ордасына таянғанда, әлденелерді жапыр-жұпыр сапырылыстырып жатқан адамдар даусы естілді. Жақындап келсе, жеңіл арбаға киіз үйдің жабдықтарын тиеген төртеу екен. Аз-кем тұрыңқырап барып жөткірінген байды таныған олар қалт тұра қалысып, жапырлай амандасты. Бірақ сүйінші сұраған біреуі болған жоқ.

– Ассалаумағаләйкүм!

– Қайырлы таң, байеке!

– Есен-саумысыз?

– Таянған қуанышыңыз құт әкелсін!

Жігіттердің бәрі де жейде сыртындағы жеңсіздерінің белін шарт буынып, бастарына бөрік киіп алыпты. Желең шыққан бай бойының қалтырағанын сонда сезген, әйтсе де ширақ есендесті.

– Ә-әә, жігіттер, әликсалам! Іске сәт, үй тігіңдер деді ме?

– Бәйбішенің айтқаны осы болды, байеке. Ауылдан жырақ үй тігіп, жерошақ қазып ас салып, бақанды жеделдетіп құруымыз керек. Шамасы, келініңіз қалжасын бұрын татпай қуантпайтын сыңайлы…

Бұл арада бұдан әрі бөгелуді ретсіз көрген бай отаудан шыққан келіншектен мән-жайға қанықты да, келген ізімен кері қайтты. Іштей ата сақалым аузыма біткенде босағадан хабар алған әлдебір желөкпеге ұқсамай, сабыр сақтайын деген. Оның үстіне жылы төсектен тұрған денесі қалтырап болар емес, күн райы қатал.

Қашан келгені белгісіз, үйіне кіргенде, ортаншы келіні шай қамымен жүр екен.

Таң намазын күндегісінен ұзақтау оқыған Сарымсақ шайға аса көңілді отырды. Әне-міне есіктен сүйінші сұраушы кіріп келетіндей, бірақ келініне сыр бермеген. Күрең шайға сары майды сала отырып, асықпай ішті. Тек дастархан жиналарда ғана:

– Балам, бәйбіше не дейді? – деген өзінше алабұртқан көңіл-күйін аңғартпаған болып. Бұл уақытқа дейін тоң-торыс отырған келіні не десем екен дегендей сәл бөгеліңкіреп қалды да:

– Жуалыдағы тәуіп әйелді алдырмақ. Сол үшін отағасын жолға қамдатты да, мені осында жіберді, – деп жұдырықтай қызыл бауырсақтарды одан әрі жинастыра берді.

Бай одан әрі қазбаламады да. Ұлының қашан жүретінін де сұраған жоқ, бірақ қарақұлақ тайдың сүйіншіге түске дейін байланбайтынына көзі анық жеткендей. Келінінің Жуалы дегеніне жарты тәулікте арбалы адам әрең барып қайтатын Сарымсақты екенін түсініп отыр. Ондағы тәуіп әйелді бұл атыраптың бәрі біледі. Әсіресе, әйел затының жаны қиналып, толғағы ұзағанда, көбіне-көп соның жасаған емі шипа болушы еді. Талай ана мен баланың өміріне араша тұрған келіншекті, содан болар, жұрт тәуіп атандырып жіберген. Ол келген күнде, келінінің жайы не болмақ, іштегі нәресте ше? Осыны ойлағанда жүрегі тіксінген Сарымсақ бұдан әрі үйге сыйып отыра алмады. Бағанағы жігіттерше бөрік киіп, шапанын жамылған да, етектегі қойлы ауылға беттеген.

Бұл қойлы ауылға келгенде, бағанағы тұман едәуір серпілген болатын. Бай ауылын қоршаған ірілі-уақты дөңдерді ортан белінен орай мұнартып, сонадайдан кәр төгіп тұр. Әншейінде ақ басы ап-анық көрінетін тау тұтасымен жоқ. Ауылға қараған Сарымсақ, неге екені белгісіз, тұман қоршаған көз жетер жерді ұяға, отауларды жұмыртқаға, ара-арасында қыбырлаған жандарды дәрменсіз балапандарға ұқсатты… Анадайда мың қаралы қойды өргізіп қойшы барады. Мұны көріп бері бұрылған. Аяғына қалың саптама, үстіне су өткізбес тері тон киген ол келген бойдан-ақ даусын соза амандасты да:

– Жаз айында тон жамылдырғандай не болып кетті, байеке? Бұрын-соңды мұндай құбылыс болып па екен, білмедіңіз бе? – деген.

– Ее-е-ее, өлара дейтін, өлараның уақыты емес. Соған мен де қайранмын. Соңы жауынға ұласатын сияқты ғой, кенже туған қозыларға абай бол.

– Менің де қорқынышым осы, байеке, – деп ішіндегі түйткілді аңғартып алған қойшы басын төмен салып жер тарпи берген қарагер атына жекіген болып ол ойын үзді де, сөзін басқаша өрбітті. – Айтпақшы, келініңізді естіп жатырмыз, тұмса ғой, өтеді де кетеді. Тәуіп келіншекке кісі салдырғандарыңыз дұрыс болған. Өткен жылы… – дей бергенде, Сарымсақ астындағы боз бесті оқыранып басын кекжите қалған да, екеуі де сол жаққа қарай қалысты: Ерден екен.

Аттан түсіп әкесіне сәлем берген Ерден бірден келген шаруасына көшті.

– Шешем: «Тәуіп әйелге барғанда, қолы шипалы болып келін мен нәресте жаны қалса, ақтығына тайтұяқ беріледі деп айт», – деген еді. Соның жайын сізбен сөйлесіп, рұқсатыңызды ала кетейін дедім. Сізді осында кетті деп естіп, салт шықтым. Көлік әлдеқашан жолға түсіп кетті. Қазір қуып жетемін-дағы ондағы екі жігіттің бірін осы атпен кейін қайтарамын, әке. Бәлкім, өзгерту енгізерсіз… – деп үнсіз қалды.

Ұлының қабағынан тайтұяқты қорашсынып тұрғандығын анық байқаған әке мырс етті де:

– Төрелігін менен сұрайтындай қай игі істеріңе бөгесін болып едім? Сендердің шешімдеріңе қарсы келіп, қолдарыңды қаққан жерім болды ма, не айтып тұрсың өзің? Менің бүкіл жиған-тергенімді атап жіберсең де, мұның не демеймін. Арғысын өзің ақылмен шеш, – деп, сөз бітті дегендей атын шаужайлап қалып бұрыла берді.

Иесіз қалған қалың қой бағытын өзгертіп, бері беттеген екен. Тіпті кейбіреуі он шақты қадам жердің шөбін жұла бастапты. Ара-арасында кезігетін бірлі-жарлым кәрі саулықтардың дымқыл ауадан мұрны бітіп, шуылы құлаққа келеді. Құйрықтары дөңгеленіп қалған кенже қозылардың бірі қайсыбір саулықтың бауырына еніп кетіп, жұмсақ тұмсығымен шабынан қомп-қомп ұра тізерлей қалса, енді бірі жас көдені бырт-бырт жүре үзіп, бастарын кегжеңдете шайнаған қалпы шапқыласып барады. Осы кезде тұмсығын екі аяғына кезек үйкей қатты-қатты пысқырынған тайыншадай сары ала төбет бірдеңе есіне түскендей болып аспанға қараған байдың ойын бөліп жіберді.

***

Іші-сырты бірдей ақпен қапталған үйде тәуіп пен Рәзия ғана. Ортада маздап от жанып жатыр. Оны айнала және Рәзия жатқан төсек маңына, үй жарық болу үшін, бірнеше шам қойылған. Кешегі қайтып кеткен толғағы батқан күнмен таласа қайта басталғанымен, ұзамай қайта тыйылып, маңында қолбалаша жалпаң қаққан бәйбіше бастаған әйел затын қатты састырды. Әсіресе, бүгінгі таңнан басталып, өзгеше күшке мінген толғақ көп әйелдің көңіліне кәдімгідей қобалжу ұялатқан. Бағана ғана биенің екі сауымындай уақыт бойына қолды-аяққа тұрмай тыпырлаған Рәзияны құрға асылдырумен әбігерленсе де, ол қайта-қайта талықсып кетіп, күш ала алмады. Өне бойы терге малшынған байғұс келіншек ана болудың мұншалықты арпалыспен келерін сезсе де, дәл осыншама уақыт азап шегуім мүмкін деп ойламаған болатын. Шырқыраған жанын қоярға жер таппай ышқынғанда, міне-міне үзіліп кетермін деген, бірақ олай да болмады. Арқанға қолтығынан асылғанда ғана, сәл жеңілдік байқалғандай болады да, ізінше толғағы қайта меңдеп, самайдан сорғалаған терге бұршақ-бұршақ жас қосылып, кермек дәм шайналған ұрттағы қанмен аралас ауызға келеді. Ештеңені көрмейді де, естімейді де. Әйтеуір жанын қинаған азап басылса екен дейді, сөйте тұра нәрестесін ойлайды. Ойлайды да есінен танады. Қайта сол талықсып кеткен сәттері жанына араша болатындай: өзгеше бір қуатпен оянатын тәрізді.

Осындай арпалыспен әбден титықтаған тәуіп, кеш алдында толғақ біршама уақытқа басылғандай болып, үйдегі бәйбіше бастаған әйелдерді қарсылықтарына қарамастан тегіс қайтарып жіберген де, өзі хабар бергенше мұнда ешбірінің келмеуін өтінген.

– Өзге бір ем қолданамын. Менен өзге адам барда, қонбайды. Келіндеріңіз бен нәресте амандығы үшін сол ғана қажет, – дегеніне, ең бастысы, талай құқайды көрген тәуіп келіншектің тәжірибелілігіне иланған әйелдер өзге амалдары қалмаған соң, құп алған да тарасқан. Олардың ендігі жалғыз үміттері – тәуіп келіншек қана. Оны қазірде маңдайы шып-шып терлеп қатты ұйықтап жатқан Рәзияның тамырын басып, терең ойда отырған өзі де жақсы біледі. Екеуара қалысымен біраз тынықтыру мақсатымен ұйықтатпақ болып әлдебір қайнатпаны ішкізген болатын. Нәтижесі ойдағыдай: Рәзия жайбарақат тыныстауға кірісті. Бір сұмдықты іші алдында сезгендей болып еді, аз уақыт тамырын басып отырғанда тіпті де күмәны қалмады. «Өлі туады-ау сорлы. Күнелтпектің күні өтпек деген осы да», – деп бар ауыртпалық пен жауапкершілікті өзінің мойнына алған тәуіп осы арада әуелгі шешіміне шындап бекиін деді. Қалың ойға беріліп, талмаураған әйелдің жүзіне үңіліп отырғаны да сол болатын. Өзге жол қалмағандай, сөйтіп, бірнеше жанның сауабын бір-ақ алмақшы. Тәуекел қайығына нық мінбеске амал жоқ. Ондағы ойы осыдан екі күн бұрын ғана бала үстінде о дүниелік болған өз аулының келіншегі еді. Онда да келіншектің өзі емес, бөбегі болатын. Әкесі келісімін берер ме екен? Қолы қысқа, ағайын-жұрттан ада адам ғой. Ұстара өткен көсе иегіндегі қалдықтай әр-әр жерде қылтиысып жүргені. Жұбайының қонақасына да жете алмай жатыр емес пе? Сондықтан баласының болашағын ойлап, көнер де. Не де болса нар тәуекел.

***

– Ойлан, Белес! Мен айтсам, жөнін айттым. Әйтпесе бауыр етіңнен айырып, келешегіңе бет бұрғанда, бүкіл өмірден баз кештірейін деп отырған мен жоқ. Асықпай ойлан.

Мұны айтқан тәуіп келіншек еді. Бағана оқшау тігілген киіз үйге жоламай жауын астында сонадайдан хабар күтіп жүрген екі жігітке шығарда ұмыт қалдырған дәрілік шөпті әкелуді сылтау етіп, қараңғы түсе өзге жан адамға сездірмей, бұл кетісін жігіттерге де қатаң ескерткен де, өзі жақында арқандаулы тұрған байдың дауыл жорғасымен кері қарай салт шыққан. Қайта екі араның көделі даласы уақыт ұтуға үлкен сеп болды. Ет пісірімдей уақыт төтесімен жүйіткіп отырып атының басын Белестің қара үйіне бір-ақ тіреді. Қаза соңынан қалтыратқан қара түнде қара жамыла қалқиған жүдеу үйде қашықтағы аза тұта келер бірді-екілі ағайынын күткен көңілі құлазып, жаны торығулы Белес жалғыз екен. Келген бойда жол болсын сұраған үй иесіне бұйымтайын төтесінен дүңк еткізгендікі болар, көзі шарасынан шыға сілейіп қалған ол есі дұрыс па дегендей тістеніп тұрып қалған да, аяғына отырғызбай қолды бір-ақ сілтеген. Өз қателігін ұға қойған тәуіп те сөзімен оның о жақ, бұ жағынан орағытып, әйтеуір толығымен тыңдауға көндірген де, майда бипаздауға көшкен-ді. Бірақ ол әдепкі жауабынан оңайлықпен тана қоймады. Қазір де тәуіп келіншекті атарға оғы болмағанымен, суы сүмектеген жолаушының сөзіне ұйыйын деді. Әйтсе де «жә» дей қояр түр берер емес.

Арада шай қайнатым уақыт өтті. Әлсіз шамның қызғылт сәулесі үйдің ыс басқан ішіне толық жетпегендіктен, жоғарыдан төнген қара көлеңке құрдан-құр еңсені басқандай. Оның үстіне Белестің ту сыртындағы көлеңкесі де аса зорайып, мүлгіген тас мүсіндей қыбыр етпейді. Қос жұдырығымен самайынан жоғары көтере қысқаннан, маңдайына ерте түскен ұзынша әжімдердің ортасынан көлденең екі сызық және пайда болған. Көздерін жұмып алған. Қою мұртынан төменірек астыңғы ерні көлеңкеде қалғыған жылқының ерніндей салбырап қалған. Онсыз да арық дене сумаңдаған сан түрлі ойдың тоқтаусыз шабақтауынан бүкшиіп, зорайған көлеңкесіне қарағанда, жұмыртқадан шыққан балапандай бір-ақ уыс. Оған қарағанда тәуіп келіншек қазықтай қақшиып ширақ отыр. Суықтан қалтырамайды да. Екі көзі сәл сығырайып айбынды әміршінің бұйыруына сай жауап тілейтіндей.

– Сен шынымен-ақ менен үмітіңді үзбей отырмысың?! Жауабым – сол, айнымаймын да! – тыныштықты Белес өзі бұзды.

– Сондағы сүйенерің не? Өсер елдің баласысың, өскініңнің өміріне көз жүгіртші. Бөбегіңді саудаға салып, құнын бұлда деген кім бар? Тайтұяқ пен үйірлі жылқы, біле білсең, ертеңгі алар қалыңыңның қайтарымы емес пе? Олжа көздеген мен емес, түсін соны. Мен анамын. Құдай қойса, Рәзия да ана болады. Бөбегіңнің о дүниелік болған шешесі де – ана. Тағдырымыз бен тілегіміз бір екен, ол – бөбек. Осы үшін жарың көз жұмғанда, сәбиім саумал еміп, тымақта керегеге ілініп өссін демегенін өзің де сезесің… Рәзия да сәбиім шетінеп, қу тіземді құшақтасам демейді. Әрі-беріден соң, оның сәбиге деген аналық махаббатының ең бір іңкәр кезі, сенің жарық дүниеге келмей жатып соры қайнаған бөбегіңе тер иісі аңқыған тымақ емес, ана құшағы мен ақ сүтінің нағыз керек дер шағы. Болмысы қыз бала екен, аналық мейірім ақ сүтпен ауысады, ұмытпа. Сол үшін де ойлан деймін. Жат жұрттық болып жаралғаннан соң ертесі не, кеші не, бәрібір, әкесі. Бірақ ол бала іздеген анаға, ана іздеп барады. Екі мұңлықты бір аспанның астында екі түрлі еңіретпей, орайын келтіріп тұрған Алланың ісі шығар.

– Жә, тоқтат! – Белес шарт кетті. – Маңдайда соры бес елі бейбақтарды мұңлық еткен де сен айтып отырған иеміз емес пе? Солай демеп пе едіңдер бүкіл ел жиылып? Сонда айдаладағы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шіркіндердің бір-біріне емешесін құртып қоюды көздеді демексің ғой. Жетті! Жетті мен үшін! Оны өсіріп, жетілдіру – ұрпақ алдындағы аталық борышым. Оны қалай, қайтіп өтеймін, ол үшін сенің басың ауырмасын. Тауқыметінен қашып, пұлға айырбастайтындай әлі мені Құдай адастырған жоқ. Алса, анасын алды, бірақ мен бармын – әкесі бар!.. – деген күйі жұдырығымен кеудесін ұра ытқып кетті. Ентігіп алыпты, әйтсе де тәуіпті қуып шығар ыңғай көрсетпеген. Осы кезде келіншек те даусын тік көтерді. Сөздерін біріне-бірін тіркестіре саңқылдап барады:

– Сабыр ет, Белес. Атың Белес болғанымен, адамның адамы ғана асатын асуда тұрсың. Мен мұнда сенімен сөз жарыстырғалы келгем жоқ, бірақ сөз нарқын түсінеді деп келдім. Сол үшін тыңдай түс. Әкелі-балалы екеуді екі жарып көз жастарын жүктей қоярлықтай мен де адаса қойған жоқпын. Аналығымды былай қой, адамдық ісімді көлденең тартпақпын. Пұлға айырбастайтындай оң жақта отырған балаңның жоқтығын және ескер. Солай болған күнде буынсыз жерге пышақ ұрғандай жөнсіз ырғатылатын жаның мен емес. Жаңа да айтқанмын, тағы да қайталаймын соны. Күтімсіз құндағыңнан күй кетсе, обал-сауабын кім көтереді? Сен! Екі дүниеде де жауап беруші – сен. Бой жеткендегі қалыңы демеймін, есіңде болсын, үйірлі жылқы мен тайтұяқты мына мен беремін саған! Онда да қолыңның қысқалығын білгендіктен, езіле бермей ес жиып, ойраны шыққан шаңырағыңды отауға айналдырсын деп беремін! Күтімсіз дейтінім – сол: сен әкесің, ер адамсың. Сөз төркінін әрі қарай ұға бер, бірақ менің меселімді қайтарамын деп өмір бойы опық жеп өтсең, мен тазамын. Арада құс ұшпас шың тұрып, шалғайда жүрсеңдер де, бірін-бірі үнсіз ұғынысқан жүректер лүпілінің өзі дәтке қуат. Ол білмесе, сен білесің. Реті келсе, келген бойда-ақ айттым ғой, ағайын-жұрты тұрмақ, Рәзияның өзі де сезбей қалады. Бағып-қағарсың-ақ, фәниден салт бас, сабау қамшы өтпессің. Бастысы, өгейлік деген қадалған шаншудай шымшыма сөзден екі бірдей адам баласын арашалайсың. Көнбейді екенсің, сондағы булығар кеуде мен төгілер жастарға татымды жауап таңдадың ба? Әрине, онда да сенің кінәң болмаған болар еді, дегенмен, Белес, қос дүниеде де алғыс жамылар ұтымды жағын таңдай білу керек. Ақ пен қараны айыра аласың, ендеше бәрі де өз қалауыңмен. Сондықтан осы арасына мән бер, ойлана түс.

– Ойланғаннан түсер түсім болса, ойланар едім. Бірақ қайда барсам, Қорқыттың көрі бола берді ғой, болмаса менің соған ындыным құрып жүр деймісің?! Жоқ, мен күткен баянды ғұмырда ол болмауға тиіс еді, жаратқан иемнен ешқашан да тілемеп едім оны! – Белес және тістеніп алды. Кереге басындағы мезгілсіз ілінген түлкі тымақты қос алақанымен аялай ұстап, ет жүрегі елжірей, тұмсығын көміп жіберді. Сөйтті де емірене үн қатып жатты. Даусында енді ашу-ыза емес, діріл бар. – Өгейлік пе, өгейлік пе? Өмірімнің жалғыз шырағын өгейсітпесем қайтесің?..

Белестің әрбір қимылынан көзін айырмай, жіті бақылап отырған тәуіп бұл уақта бетін басып шыға жөнелмек те болды, алайда тамағына кептелген өксікті деммен басқан да, жаңағыдағысынан біршама саябырсыған үнмен сөйлеп, әліптің артын баққан.

– Сен өгейсітпесең, өмір өгейсітті, әкесі. Сенің де, менің де нәресте алдындағы қарызымыз бен борышымыз – қайткен күнде де ана сүтін сыйлау. Жеті қат жер асты мен жеті қат көктен кезіп таппасың анада ғана бар. Ол – Рәзия. Оңтайы келген екен, өз қолыңды өзің шаппа. Алла разы болсын, дегенімді қыл, опық жемейсің.

Белес жалт бұрылды да, бұған қарай қалды. Мұңайған жанарлары жасқа шыланып қалған екен, шам сәулесімен әлсіз шағылысып тұр.

– Сонда не қыл дейсің маған? Алла разылығы солай дейсің, ел-жұртқа, нағашы жұртына не деймін? Түбінде барар жері – сол, ертесі не, кеші не, тірі тіршілігін жасайды. Сондықтан отау құрып, ошағымды түзеймін. Жат жұрттық екен, ессіз кезінен еркелеп, бауыр бассын деймін бе?

– Әй, Белес, не айтып отырсың өзің?! Бауыр етімді жат жұрт кесті дейтіндей бойжеткенің бе еді ол? Есіңде болсын, сен берсең, мәңгіге бересің! Шын көңілмен бересің! Бір-біріне құштар қос жанның таза іңкәрлығын біліп бересің! Мұны жер бетінде екеуіміз, көкте Құдайдан өзге ешкім білмек емес. Ағайын-жұртыңа былай де деп аузыңа сөз салып беретін бос белбеуге ұқсамайсың, оны өзің шеш. Бірақ… бірақ аларыңды қалың деп есептеме, ол – өз ырысың. Нәресте өз анасынікі. Келіссең, сөз тәмам.

Одан әрі Белес тіл қатпады, бар болғаны тымақты баппен алып, кеудесіне қыса берді, қыса берді. Тыста үздіксіз жауын жыласа, іште лажсыз әкенің көзі, оған қоса аттан естілсе қымс етпес жүрегі жылайды. Жалғыз ғана нәресте бейқам. Қолапайсыз құндақталғанына қарамастан жылы тымақ ішінде тәтті тыныстап жатыр.

***

Аспанды бұлт басып тұрса да, үйдегі күйіп-жанған Рәзияның олай бір, былай бір алабұртып, өзін пышақ жүзіне салғандай қылпылдатқан толғағы кезінде басы-қасында болумен талыққанына қарамастан, соңғы сәттердің қуанышын жан-тәнімен сұраған тілеулесі – тәуіп шолпан туар мезгілдің келгенін іштей сезіп жүр. Құдай қарасқанда, әкесі аманат деп, өзі шарапат деп, су өтпес үшін илі теріге орап қойнына салып алған бөбегімен Сарымсақ ауылына межелі уақытында жеткен болатын. Жауын бар атырапқа ызғар шашып сүмектегенімен, екі араның көделі даласы дауыл жорғаның жүрісіне қолайсыз бола қоймады, лайсаңы аз. Келсе, құда да тыныш, құдағи да тыныш: Рәзия сол баяғы орнында екі бетінің ұшы алаулаған күйі ұйықтап жатыр. Сонысына қарай бағанағы күдігіне енді күмәнсыз иланған тәуіп киімін ауыстырып, аз-маз жылынғанша, еппен ыңқылдай оянған ол да алдағы мазаң кездерден белгі бере бастады. Ұзамай-ақ тұмса келіншектің осы ыңқылы ұдайымен ышқынып, аузымен ауа қармар ауыр сәттерге ұласты.

– Айналайын, өткінші, өткінші мұның бәрі. Талықсып кетуден сақ бол. Енді аз уақыт. Бастысы, менің айтқандарымды қалт жібермей, барынша жігермен істеші… – Тәуіп құрға асылулы Рәзияның кіндік тұсын бір қолымен айналдыра сипалап, өзі бұйыру мен жалыну аралас сөйлеп жүр. – Енді азғантай уақыт, аз-ған-та-ай.

Қусырылған танауы дір-дір еткен Рәзияның өңінде қан-сөл жоқ. Тарқатылып кеткен қара шашы әлсін-әлсін бетін жауып, шықпа, жаным, шықпамен тұрған байғұсты одан әрі пысыната түседі.

– Міне, міне, осылай, иә, осылай. – Қос білегін бірдей түрініп алған тәуіп осы ырғақпен сөйлей берді. Рәзия бір дем үнсіз қалса, бір дем булыға ыңыранумен болды. Ондайда түбі жерге шаншылып, өзі керегеге мықтап таңылған бақандар шарт сынып немесе қылдан есілген ақ арқан шорт үзіліп кетердей. Түп-түзу керіле қалады да, шықырлаған тіске сықырлаған үн қосып олар да бебеу қағады. – Тағы, күнім, тағы. Міне, міне, енді әп-сәтте. – Одан әрі тәуіптің үні пышақ кескендей тыйылды. Ендігі жерде сөйлеуді былай қойғанда, онсыз да сүлдері тұрған Рәзияға, буынына ие бола алмай, көзі қарауытқан дәрменсіз қалыпта сүйене берді, бірақ үй ішінде өзінен өзге демеу болар жанның жоғы, өзінің үлкен жауапкершілігі медеу болып, есін тез жинаған, болмаса бойындағы бар қуатын сарқыған Рәзия мұның үстіне құлай кеткендей еді. Жыбырлаған жылымшы затты ұстауға дәті бармай әуелде тастай берген, енді бір қолымен осынау таңғажайып нәрсені дүниеге келтірген сорлыны сүйеп, қалтыраған екінші бірімен шетке сыдыра берді…

– Астағыпыраллаһ! – дейді күрмелген тілін сөйлеуге әрең икемге келтіре сыбырлап, – Астағыпыраллаһ! Я, Жаратушым, медет бере гөр! Көрмес көзім не көріп тұр?! Я, Құдая, сақтай гөр. Астағыпыраллаһ! – босаған буындарынан әл кетіп, үні сыбырласа да, алқына шығады.

Аздан соң көк әлемін әбден қойыртпақтаумен болған бұлт реңі бозғылданып, таң атты. Тек сол қойыртпақ аспанның түбі тесіліп кеткендей: үзіп-үзіп ұзақ сіркіреген жауын тыйылар емес. Оқта-текте сейілгендей болса, ауада тозаңы ұшқындап, жер мен көктің арасына дымқыл көрпесін жая салыпты. Зіл-батпан ауырлық бар.

Бұл кезде оңаша үй ішіндегі жалғыз ағаш төсекте Рәзия жеңілдік тауып, баяу тыныстап жатты да, тәуіп келіншек отқа қақталумен кеберсіген киімдеріне әлдебір заттарды орап, қоржынға салып тұқшындап жатты. Жүзінен аса абыржығандық байқалады, әйтсе де үйде үлкен жылулық бар. Жауынға бөккен таңғы ауада бытпылдықтаған бөдене үні келмесе де, үй ішінен кіндігі тырналып, ауырсығаннан шырқырай жылаған нәресте іңгәсі келеді құлаққа. Кіп-кішкене беті тыжырынып шалбарлана қалғанда, күмпиген қызыл қарнының ортасынан шып-шып қан шығып кетеді. «Осылай, ім-м, осылай болғаны дұрыс», – деп күбірлеген тәуіп ендігі жерде соны таза шүберекпен таңды да, шығар ауызға бұрылды.

Түнеугүннен бері демін ішіне алып сұлқ қалған Сарымсақ ауылы нендей жағдай болса да деп әзір отырған. Пейілдеріне орай екі ұдай күткендері жақсылыққа қарай ойысып, қазірде шексіз қуаныш үстінде. Шілдехана жасап жатыр. Сарымсақ Сарымсақ болғалы, ошағының түтіні бұрын сұйық ұшқан орда болса да, жауын әсері ме, болмаса жазмыш солай мақұлдады ма, белгісіз, әйтеуір, бүгінгі күні қою будақтап, жер бауырлай жатып алды. Есесіне ауыл-үйдің итінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Бәрінің де езу түктері қып-қызыл.

***

– Келінжан, айналайын, шетке шығандағалы тұрған қуанышымды қос қолдай әкеліп қойныма бастың, рахмет! Неге деп сен сұрама, арыма томпақ деп мен айтпайын, сіңліңді бөбекті етіп және бір сіңлілі болған жайың бар. Ұзағынан сүйіндірсін, осындай олжалы тұрған кейпіңе ел разы, лебізіңе қанып біз де олжаланайық. Нәрестеге ат қоюды да өзіңе жүктемекпін. Аузыңды ашсаң, ақ төгілген, ар жағынан бақ көрінген жансың ғой, шырағым, есімін сенен еншілесе, семіздік етпес, ат қоя ғой, өз аузыңнан естіп, құп алайық.

Үлкен отауға тәуіпті өзі бас болып ертіп әкелген Сарымсақ жасауы мол дағарадай үй ішіне кірген бойда-ақ асты-үстіне түсумен жік-жапар болса, енді ақ майға бөккен дастархан үстінде өңшең ел жақсылары отырғанда да мейлінше ырзалығын шексіз қуанған пейілде білдіре отырып және бір өтінішінің барлығын айтты. Дастархан жағалай алқақотан тізілген ақ сақал, қара сақалдар бір-бір қопаңдасып айтылған сөзге өз райларын аңғартысып жатыр. Бәрінің де жүзінде тоқмейілсу бар.

– Сөз-ақ, шіркін, кіндік шешеден есім иеленген нәресте шын-ақ бақытты шығар. Оның үстіне халық сыйлаған анадан ақ бата алса…

– Бәсе, бәсе, байекесі қуаныш соңында тоң-торыс қалмаса керек еді. «Ақылы асса, кіші – үлкен, сеңсең бөрік басымда, пұшпақтан өңкей пішілген» деген осы да.

– Алда разы болсын, айналайын, еңбегің зор болса, тұғырың төр емес пе? Көлденең көк аттылының бірі емес, атыңа атырап қанық анасың. Ат қоя ғой. Атасаң болды, атанды дейік.

Шолпан туғалы бері бар ойы мен бар болмыс-бітімі қабат боз мұнарда малтығумен түйсік-танымы өзінен-өзі тұйыққа тіреліп, шырмауыққа шырмалғандай күйде жүрген тәуіп салған жерден не дерін білмей абдырай берді. Сөйткенше болған жоқ, әлдеқандай тылсымнан талығып жеткен сыбырлақ үндер келе бастады құлағына. Сол үн бірте-бірте күшейіп, сыбыр болса да, сананы жаңғыртуға көшті: «Құбылыс», – дейді. Құбылыс-құбылыс… Құбылыс-құбылыс, құбылыс-былыс-лыс-лыс-с… Өз ойымен өзі әуре ол одан әрі үйдегілердің не айтып жатқанын ұққан жоқ. Іштей осы сөзді қайталаумен қалғығандай түрге еніп, аздан соң көзін ашқанда байқады: алдарындағы асты жеп болған көпшілік қанша назар аудармайын десе де, таңырқаныс толы көздері лебіз күткен сыңайда бұған алма кезек шыдамсыздана жаутаңдасуда екен. Ар жағына түрлі мінез жасырған түрліше көздер енді бұған қадала қарады.

– Үлкен кісі өтінгенде, әдеп сақтаған болып орынсыз қашқақтамайын, отағасы. Пейіліңізге сендім, перзентіңіздің пешенесіне пендешілік сыймаған, Жаратушы оған тек перизаттық сыйлаған. Алды – бақ, соңы абырой болғай, өтсе-дағы не заман. Осыған сіз де иланыңыз. Рәзия замандасым жақсы бала табар болар, шілде айында шидем жамылдырған кезеңмен үш күнгі толғағы тұспа-тұс келген екен. Ана қиналғанда, дала күңіреніпті, ендеше бұл біздердің түсінігімізге жат тылсым құбылыс болар. Оны, елдің игі жақсылары, өздеріңіз де кешелі бері айтып таңырқасудасыздар. Дала мен ана табиғатында осындай сәйкестік болғанда, бала мен осы аталғандар арасында селбестік жоқ дей алмаймын. Нәресте аты Құбылыс болсын.

Бұл уақта тәуіп не айтса да, бас шұлғуға әзір отырған Сарымсақ мынадан кейін тіпті беріле қоштады.

– Бәрекелде-ее! Аузыңа ақылың, ақылыңа Алла салған шығар бұл сөзді. Бәйбіше, ат қою рәсімін бастайық, Құбылыс деді ғой, Құбылыс, бәйбіше!

***

Жаясында үйректің жұмыртқасындай бес-алты қоңыр дағы бар боз ат жан-жағына елеңдеп осқырына берді. Ұшар басы мәңгі мұздақ таудың етегінен бастап сонау-сонау құзарларға дейін бітік өсіп, нуға айналған орманын жағалауға көшкелі, әлденеден секемденетін тәрізді. Оқтын-оқтын ішін тартып пысқырына қалады да, жер тарпи шырқ көбелек айналады. Кешқұрымғы елең-алаңды жамыла ауылына соқпастан бұра салған тәуіп қазіргі көз жетер маңның қоюлана бастауын пайдаланып орманға енбек. Түс әлетінде толас тапқан жауын қайта тамған жоқ, төңіректен көтерілген ауыр тұман аспан жамылғысын ыдырата келе дар-дар айырған да тастаған. Үркерге сыртын беріп суыт келе жатқан ол тарпаң бозының қашқақтай орағытумен қиғаштай шапшығанына қарамастан тынысын тартып меңірейе қалған түнгі орманға сұғына берді. Астындағы аты ғайыптан әлдеқандай жыртқыш тап берердей бұлтақтаса, бұл нендей зауал төнсе де, шімірігер емес. Ол үшін бүгінгі таңға куә болған қорқынышынан асқан үрей жоқ. Асып түссе, үлкеніне жолығар, бірақ айылын жимады. Бар ойы астан-кестеңі шыққан, әлемтапырақ. Өз-өзінен күбірлеулі тәуіптің өзіне ғана мәлім, өзі ғана түсінетін сыбырын әлсін-әлсін денесі жиырыла жанға бұлт еткен атының жұлқынысы бөле берді. – Медет бер, ием, медет бер! Көрмесімді көргізіп, білмесімді білдіргенің бе, қайткенің? Онан да меңіреулікті еншілетпедің бе о баста? Адам ба, аң ба? Бұл не өзі? – сол жақ қолымен қанжығадағы былғары қоржынын сипап қояды. – Не болса да адам емес-ау. Анадан аң туғызған құдірет, сондағы көздегенің не екен?! Жоқ, барша адамзатты сынағаның ба? Олай болса, ел көрмес, құлақ естімес бір қияндағы жалғыз үйде жалғыз өзімнің жүрегімді жаралағанша, жарық дүниенің бәріне неге паш етпейсің, ием? Ендеше, менікі жөн деп білемін. Тылсымыңның тіршілігіне балта шапсам, мені жазалай көрме. Мен адам адамдығын сақтаса деймін. Араларына албасты кіргендей ошарылған кейіптерін көргім келмейді, Алла! Жаза бассам, өзіңнің жіберген жұмбағың себеп. Жаратушы деп жалбарынып, тек өзіңнен жәрдем күткен көп пендеңнің бірі – мен. Сондықтан, ием, жауабын өзің бермесең, өреміз тар. Ендігәрі өзгеше сыр бұқтырумен, мағұлымсыз құбылыстарыңды көрсете көрме. Бүкіл жер бетінде жалғыз куәсы мен болайын, – кенет қолын қоржын үстінен шоқ басқандай тартып алған тәуіп ішкі әлемі алай-дүлей қалыпта аңтарылып мойнын бұра берді: айналаға үрке қарап, жанұшыра батпақты далада танауы шуылдай келе жатқан тарпаң боздың солқ-солқ қаққан бүйірлігіне құлаған қоржын жыбыр ете қалды. Алдында алақанымен сезген тәуіп енді, тіпті, өз көзіне өзі сене алмады. Қанжығада таңнан бері таңулы тұрған қоржындағы құбыжығының демі әлдеқашан біткенге, ендігі қатып қалғанға жорып келе жатқанда, қорқынышына қорқыныш жамала қалған ол жалма-жан ағыта бастады. Бар бойына, сонымен қабат неше күнгі талығу аралас сансыраулы ойына бірдей, қала берді, қолдарына дейін діріл жүгіріп, икемге келер емес. Қос қолдай қоржынды боздың жаялығына шығарып алғанда, іштегі тепсінген бүлкіл үдей түсіп, тәуіп жиырыла берді. Сол екен, не қыларға білмей бейберекет ұмсы